Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдері Түркістанда автошеру өткізді – sailau2019.qaz

Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдері Түркістанда автошеру өткізді

«Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде тіркелген Сәдібек Түгел сайлаушылардың есінде сан түрлі акция ұйымдастыруымен есте қалатын сыңайлы.

Бұл жолы киелі Түркістан қаласында ұлтжанды азаматты қолдауға арналған автошеру өтті. Кандидаттың сенімді өкілдері түркі әлемі қасиет тұтатын Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Яссауи мазары алдынан басталған автошеру көне Отырардағы Арыстанбаб кесенесіне дейін жалғасты.

Үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды тұғырнамасына аз-кем тоқталсақ. Үгіт науқанын тек ана тілде жүргізуге нық бекінген кандидаттың бағдарламасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру басты орында тұр. Көп балалы отбасыларға қолдау көрсетуге, шетелдерде тұратын қандастарымыздың атамекеніне оралуына жағдай жасауға баса назар аударылған. Үміткердің сенімді өкілдері осы және басқа да өзекті мәселелерді халыққа кең көлемде түсіндіруге тырысты.

«Қазақстанның нағыз жанашыры, қазақтың дәстүрін, тілін, салтын және де ұлттық спорттарын көркейтіп келеді. Қазіргі кезде бізге керегі ұлтық спортымызды кеңінен насихаттау», – деді Президенттікке үміткер С. Түгелдің сенімді өкілі Әзиз Әнетов.