Қасым-Жомарт Тоқаев: Алдымыздағы барлық қиындықтарды бірге еңсереміз – sailau2019.qaz

Қасым-Жомарт Тоқаев: Алдымыздағы барлық қиындықтарды бірге еңсереміз

Ант берген сәттен бастап жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге серт берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қымбатты отандастар! Алдымызда ауқымды әрі жалпыхалықтық міндеттер тұр. Мақсатымыз – айқын, жолымыз – ашық. Қазақстан жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар еліне айналды. Оның игілігін жастар мен келешек ұрпақ көреді. Біз – бабалар дәстүрін қастерлейтін, жаһанның озық жетістіктеріне ұмтылатын халықпыз. Бұл – біздің күш-қуатымыздың діңгегі. Біз алдымыздағы барлық қиындықтарды бірге еңсереміз. Біз қуатты әрі гүлденген Қазақстанның өркендеуі үшін бірге еңбек етеміз. Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы қарызым. Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін. Баршаңызға амандық, құт-береке тілеймін. Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін», – деп түйді сөзін ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, елордада жаңадан сайланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтіп жатыр. Шараға Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да шақырылған қонақтар қатысуда.

Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді. Ант берген сәттен бастап жаңадан сайланған Президент ресми қызметiне кiрiскен болып саналады.