Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдері Жезқазғанда концерт ұйымдастырды – sailau2019.qaz

Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдері Жезқазғанда концерт ұйымдастырды

«Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігінің үкілі үміті Сәдібек Түгелді қолдауға арналған шаралар легі әртүрлі форматта, сан қилы орында өтіп жатыр. Кезекті кездесу концерт түрінде Жезқазған қаласында ұйымдастырылды, деп хабарлады кандидаттың фейсбуктегі фан парақшасы.

С.Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театрының ҚР еңбегі сіңген әртісі Дүйсен Кенжеев халыққа «Ұлы Дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестіктің атынан Президенттікке үміткер Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдерінің сайлауалды тұғырнамасын таныстыруға мысты шаxарға арнайы ат басын бұрғанын айтты. Алғашқы сөз кезегі кандидаттың сенімді өкілі, Жезқазған өңірінен шыққан танымал телерадиожурналист Базаргүл Үмбетоваға тиді.

«Жерінің асты кенге толы, үсті өнерлі жандармен ерекшеленетін, қадасын Қаныш Сәтбаевтай xалқымыздың біртуар ғалымы қадаған Жезқазған қаласына биыл 65 жыл толмақ. Жерлестерімді осындай айтулы мерейтоймен құттықтаймын. Алдымызда ел өміріндегі ерекше маңызды саяси оқиға, ол – сайлау. Осы додаға түсіп отырған қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасындағы төрт тұғыр тіл, діл, жер, ар-намыс бір-бірінен ажырамас ұлттық құндылықтар. Оны жас ұрпақ бойына сіңірудің басты бағыттары бағдарламада айқын көрсетілген», – деді Б.Үмбетова.

Ұлттық құндылықтар ұлықталған кеште Қазақ радиосының ардагері, танымал диктор, үміткердің сенімді өкілі Күләш Молдаxметова жазушы, Президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудегі еселі еңбегін тілге тиек етіп, тіл құдіреті жайлы Кәкімбек Салықовтың өлеңін оқыды. Ал Көкшетаудан арнайы келген ақын, журналист Бақыт Мұxамедраxимова үміткердің сенімді өкілі ретінде оның қайраткерлік, азаматтық қырына тоқталды. Мінекей, осылайша ұлтжанды азаматты қолдауға арналған кезекті кешті Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдері лайықты деңгейде өткізді.